23.10.2020 / Қазақстан

20 ай жалақы алмағандар. Жәрдем сұрағандарға әкімдік жұмыстан шығуды ұсынады

20 ай жалақы алмағандар. Жәрдем сұрағандарға әкімдік жұмыстан шығуды ұсынады

Қарағанды облысында жарық беруші компания жұмысшылары екі жылдан бері жалақы алмаған. Кәсіпорын басшылары жұмысшылар талабына құлақ асар емес. Ал жергілікті билік көмектесуге дайын екенін, бірақ ол үшін жұмысшылар өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазу керегін айтады.

ЖҰМЫСШЫЛАР: "БІЗДІ ЖАРТЫ ЖОЛДА ҚАЛДЫРМАҢДАР"

"Компанияны банкрот деп жариялау үшін бізге "жұмыстан шығыңдар" дейді. Бірақ біз жалақымызды толық алмайынша, жұмыстан шықпаймыз. Кейін жұмыссыз қалып, ақшамызды ала алмай қаламыз ба деп қорқамыз" дейді "Сәкен және К" кәсіпорны жұмысшылары.

Әкімдік бізді кейін жұмысқа орналастыруға уәде берген жоқ. Бірақ біздің желіні өз балансына алғысы келеді. 

"Сәкен және К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жарық беруші компания. Ол бірнеше мың тұтынушыға қызмет көрсетеді. 2018 жылы кәсіпорын құрылтайшысы ауысқаннан кейін компанияда қиындықтар басталған. Жұмысшылар соңғы рет жалақыны 2020 жылы ақпанда алған. Оның өзінде, жалақаны жұмысшылар шу шығарып, кәсіпорын ақша төлемейінше жұмыс істеуден бас тартқаннан кейін ғана берген. Ол кезде жұмысшылар компаниядан осы уақытқа дейін берілмеген жалақыны толық төлеуді талап еткен. Бірақ 2018 жылдың қараша айына тиесілі жалақыны ғана алған. Компаниядағы орташа жалақы – 40 мың теңге (жүз доллардан аз), ал кәсіпорынның жұмысшыларға жалақыға қарызы 40 миллион теңгеден асып кеткен.

Биыл компания жұмысшылары әртүрлі органдарға хат жазып, көмек сұрады. Жалақысын сот орындаушылары арқылы өндіруге тырысты, "Нұр Отан" партиясына барды, полицияға да арыз жазды, бірақ еш нәтиже шығара алмады.

Компанияда тарату және есепке алу жөніндегі инженер болып істейтін Гүлім Ибадилдинаның айтуынша, құрылтайшы қызметкерлермен ашық сөйлесуден жалтарып отыр.

– Әкімдік бізді кейін жұмысқа орналастыруға уәде берген жоқ. Бірақ біздің желіні өз балансына алғысы келеді. Солай істейтін болса, онда жалақыны да әкімдік төлесін. Бізді жарты жолда қалдырмасын, – дейді ол.

Жұмысшылар өз еркімен жұмыстан шығатын кейін жұмыссыз қаламыз ба деп қорқатынын айтады. Әсіресе, әйелдер мен зейнет жасына таяған адамдар алаңдап отыр. Өйткені оларға ауылдан басқа жұмыс табу қиын.

Жарықпен қамтамасыз ететін "Сакен и К" компаниясының жұмысшылары. Жаңаарқа ауданы, Қарағанды облысы.
  Жарықпен қамтамасыз ететін "Сакен и К" компаниясының жұмысшылары. Жаңаарқа ауданы, Қарағанды облысы.

Ауданды электр жарығымен қамтамасыз етуге байланысты да алаңдаушылық бар. Кейбіреулер подстанцияға кіруге рұқсаты бар энергетик мамандар жұмыстан кетсе аудан жарықсыз қалуы мүмкін деп қауіптенеді.

– Бас инженер жұмыстан кетсе не болады? Подстанцияға сол ғана кіре алады, тек соған ғана рұқсат берілген. Мұндағы жабдықтың бәрі ескірген. Апат жиі болады, кейде желі жанып кетеді. Жарық күнде өшеді, – дейді жұмысшылардың бірі.

ЖҰМЫС БЕРУШІ: "ЕШТЕҢЕ АЙТПАЙМЫН"

Жұмысшылар компания басшылығын жауапқа тартуға да тырысып көрген. Аудандық полиция компанияға қарсы "Еңбек заңнамасын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған, бірақ ол да нәтижесіз аяқталған.

Компания басшылығы үнсіз отыр. Азаттық тілшісі "Сәкен және К" компаниясы құрылтайшысының сенімді тұлғасы, заңгер Владимир Нейманның кәсіпорынның жалақыға қарызы, қылмыстық іс пен компанияны банкрот деп жариялау ықтималдығы жайлы пікірін білмек болған еді. Бірақ ол "ештеңе айтпаймын" деп қысқа қайырып, сөйлеспеді.

Жаңаарқа ауылы, Қарағанды облысы. 21 мамыр 2020 жыл.
  Жаңаарқа ауылы, Қарағанды облысы. 21 мамыр 2020 жыл.

Осыған дейін "Сәкен және К" компаниясының директоры (қазір жұмыстан шығып кеткен) жалақыға қарызды электр жарығын жеткізетін "Қазэнергоцентр" кәсіпорнымен арадағы даумен байланыстырған. Компаниялардың өзара есеп айырысу құрылымы бойынша дауласып, соттасып жүргеніне бірнеше жыл болған. Бірақ сот процесінің зардабын жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар тартып отыр.

ӘКІМДІК: "ҚАРА ЖҰМЫСҚА АДАМ КЕРЕК"

Жұмысшыларға өз еркімен жұмыстан кетуді ұсынған аудан әкімдігі оны "кәсіпорынның болашағы жоқ, өйткені құрылтайшы 90 пайызы ескірген электр желісін жөндемейді, салық төлемейді, жалақығы қарызын да өтей алмай отыр" деп түсіндірді. Шенеуніктер компания қызметкерлері өз еркімен жұмыстан кетсе, бұл мәселені шешу жеңілдейді деп сенеді.

Жұмысшылардың жалақы алмағанына 20 ай болған. 37 адам жұмыс істеген кәсіпорында қазір 25 жұмысшы қалған. Олар Жаңаарқа ауданы орталығы мен ауылдық округтеріндегі тұтынушыларға қызмет көрсетеді.

Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауылы. 2020 жыл.
  Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауылы. 2020 жыл.

Азаттық тілшісі Жаңаарқа аудандық әкімдігінен "Жергілікті билік компаниядан кеткен азаматтарға нақты жұмыс ұсына ала ма?" деп сұрады. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қожықаев "Ол үшін адамдар жұмыстан шығып, жұмыссыз азамат ретінде тіркелуі керек. Содан кейін оларды басқа жұмыс орындарына жібереді" деп жауап берді. Ол қазір құрылыс нысандарына уақытша қара жұмыс істейтін, кірпіш қалайтын адам керегін айтты. Негізінен жұмысшы ер адамдарға сұраныс бар.

– Әзірге жағдайдан шығудың осындай жолын қарастырсақ, кейін тағы көре жатармыз, – дейді Қожықаев.

Оның айтуынша, "Сәкен және К" компаниясының басшылығы билік өкілдері жіберген хаттарды да назарға ілмей отыр.

Олар компания банкрот болса, жалақымызды ала алмай қаламыз деп қорқады. Бірақ қазір де жалақы алып отырған жоқ қой.
– Әкімдікте өңірлік штабтың бірнеше отырысы өтті. Жан-жақты жұмыс жүргіземіз деп шештік. Облыстық полиция департаменті "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Компания салық пен жалақы төлемейді, жұмыс жүргізбейді, жай ғана жарық беруші ұйым ретінде есепте тұр. Қазір компанияның құрылтайшысы Игорь Букашкин екені анықталды. Біз жұмысшыларды жинап, "Неге жұмыстан кетпейсіздер?" деп сұрадық. Осыдан кейін оларды компанияны банкрот деп жариялау үшін өтініш беру мәселесі бойынша жинады. Ал олар компания банкрот болса, жалақымызды ала алмай қаламыз деп қорқады. Бірақ қазір де жалақы алып отырған жоқ қой. Олардың компания қызметкері ретінде есепте тұрып, жалақы қарызын көбейте бергенінен не пайда? – дейді Жаңаарқа ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қожықаев.

Ол "Сәкен және К" ЖШС атына ешқандай мүлік тіркелмегенін, шотында ақша жоғын айтты.

– Желілердің иесі жоқ болып шықты. Оларды заңсыз пайдаланып отыр екен, – дейді ол.

Азаттық тілшісі шенеуніктен бұған биліктің қалай жол бергенін, мұны неге ешкім қадағаламағанын сұрады. Қожықаевтың сөзінше, "Сәкен және К" компаниясы жылжымайтын мүлікті мүліктік кешен ретінде сатып алып, уақытылы тіркетпеген. Заң бойынша, компания желі мен подстанцияны жеке-жеке тіркетуі керек болған.

Жаңаарқа ауылындағы үйлер мен электр бағаналары.
  Жаңаарқа ауылындағы үйлер мен электр бағаналары.

Облыстық энергетика басқармасы Азаттық тілшісіне ""Сәкен және К" жекеменшік жарық беруші ұйымының желіні жөндемегені және жұмысшыларғы жалақы төлемегені үшін билік электр желілерін дереликцияға (меншік иесінің мүлік құқығынан бас тартуы) шығарғанын хабарлады. Дереликция мерзімі 10 қазан күні аяқталған. Енді билік сотқа желілерді, подстанциялар мен құрылымдық трансформатор подстанциясын коммуналдық иелікте деп мойындау туралы арыз беруі керек. Сот биліктің өтінішін қанағаттандырса, желілер электр энергиясын беру және таратумен айналысатын "Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы" акционерлік қоғамының балансына беріледі. Аталған компанияның ресми сайтындағы дерекке сәйкес, кәсіпорынның өндірістік базалары Жезқазған, Қаражал және Балқаш қалаларында орналасқан.

Әзірге бұл мәселелер шешілмейінше, жұмысшылар шарасыз күйде қалып, тұрғындар электр жарығымен дұрыс қамтамасыз етілмей отыр. Күрмеуі қиын мәселенің нақты қашан шешілері де белгісіз.

САРАПШЫ: ӨЗ ЕРКІМЕН ЖҰМЫСТАН ШЫҚСА, ӨТЕМАҚЫ АЛА АЛМАЙДЫ

Заңгер Нұржан Жалбыров Азаттықтың өтініші бойынша, "Сәкен және К" компаниясы мен жұмысшылар арасындағы жағдайды талдап көрді. Оның пікірінше, кезінде жағдайдың осылай өрбуіне жол берген жергілікті атқарушы орган енді әлеуметтік шиеленісті ушықтырмау үшін бұл мәселені шешуі керек.

Егер олар ұйымның банкрот болуына байланысты жұмыстан шығарылса, осы уақытқа дейін алмаған ақшасына қосымша үш айлық жалақы көлемінде өтемақы алуға құқылы. Ал өздері жұмыстан шықса, өтемақы ала алмайды.  

– Әуре-сарсаңның барлық кезеңінен өткен жұмысшылар енді мұның шешімін күтіп отыр. Бұл істе бәрі, оның ішінде жергілікті атқарушы органның жағдайды бетімен жіберуі салдарынан мәселе ушыға түскен. Жергілікті тұрғындардың құқығын қорғауды бақылау, белгіленген аумақтағы жеке және заңды тұлғалардың қызметін қадағалау, тәртіпті бақылауда ұстау – әкімдіктің жұмысы. Бұған жергілікті атқарушы орган жауапты. Жұмысшылар өз еркімен жұмыстан шықса, не өзгереді? Бұл үшін оларға ақша төлей ме? Егер олар ұйымның банкрот болуына байланысты жұмыстан шығарылса, осы уақытқа дейін алмаған ақшасына қосымша үш айлық жалақы көлемінде өтемақы алуға құқылы. Ал өздері жұмыстан шықса, өтемақы ала алмайды. Одан бөлек, жергілікті атқарушы орган оларға жұмыс тауып беруге міндетті. Жұмыс тауып бермесе, оларды жұмыссыз деп тіркеп, жәрдемақы төлеуі керек. Компанияны қызметкерлерден жұмыстан кету туралы арыз жинамай-ақ банкрот деп жариялауға болады. Мұнда мәселе тек ақшаға ғана келіп тіреледі. Жалақы қарызы басқа монополист келген жағдайда ғана төленеді. Ал олар (билік өкілдері – ред.) осындай монополист шығаруы керек. Олар мәселені шешу мерзімін кешіктіріп жатыр, – дейді заңгер, құқық қорғаушы Нұржан Жалбыров.

Заңгердің айтуынша, еңбек заңында азаматтарды жалақы төленбеген, компания банкрот болған немесе жұмыстан шығарған жағдайда қорғау қарастырылмаған.

– Біздегі еңбек заңы бойынша сақтандыру қарастырылмаған. Бұл – кемшілік. Өйткені сақтандыру болса, сақтандыру компаниясы кәсіпорынның орнына жалақы төлеп, қарыз жиналмас еді. Сонда заңды тұлға өзін банкрот деп жариялау немесе қызметін тоқтату туралы мәселені сақтандыру компаниясымен шешер еді. Ал бұл процестің жұмысшыларға зардабы тимес еді. Неге банк қарыздарында сақтандыру бар да, ал еңбек қатынасында азаматтардың құқығын қорғау қарастырылмаған? – деген сұрақ қояды Жалбыров.

Жаңаарқа ауданы аумағы басталатыны жазылған жол шетіндегі белгі.
  Жаңаарқа ауданы аумағы басталатыны жазылған жол шетіндегі белгі.

Шілде айында "Сәкен және К" жарық беруші компаниясының бір жарым жылдан бері жалақы алмаған жұмысшылары Қазақстан президенті әкімшілігіне хат жазған. Бірақ нақты жауап алмаған.

Азаттықтың бұл мәселе туралы материалынан кейін билік өкілдері жұмысшыларға демеушілерден ақша, мал немесе шөп алып беріп, көмектесуді ұсынған. Жұмысшылар бұл көмекті компаниядағы жалақысын алған кезде қайтаруы керек деп айтылған. Адамдар қолхат жазып, оны нотариус арқылы рәсімдеген. Бұл ерекше жағдай болғанымен, көбі мұқтаждықтан көмек алуға келіскен. Он жұмысшы әлі күнге осындай көмектің өзіне қол жеткізе алмай отыр. Жергілікті билік әлі де демеуші іздеп жатқанын айтады. Жұмысшылар компаниядағы жалақысы төленбесе, демеуші көмегін қалай қайтарамыз деп уайымдайды.

Азаттык Радоисы