10.02.2021 / Қазақстан

Атырауда мектеп салып жатқан жұмысшылар еңбекақыларын талап етіп отыр

Атырауда мектеп салып жатқан жұмысшылар еңбекақыларын талап етіп отыр
Атырауда мектеп салып жатқан жұмысшылар еңбекақыларын талап етіп отыр. Бір жылға жуық еңбек еткен азаматтардың не зейнетақы жарналары, не медициналық сақтандыру төлемдері аударылмаған. Сондай-ақ, бас мердігер жеке кәсіпкерлердің де ақысын бермей сенделтіп қойған көрінеді. 

 АСХАТ ДАЛБАЕВ, жұмысшы:
– Мамырда бастап кірдік, 9 ай болып қалды ғой. Осы уақыттан бері ештеңе төлеген жоқ. Бірақ үш ай сайын аударамыз деді. 

 АЛМАГҮЛ АМАНҒАЛИЕВА, жеке кәсіпкер:
– Жұмысшылар мені қыспаққа алып жатыр. Ақша қайда, қашан бересің деп. Менің үстімнен прокурорға жазамыз дейді. Заказчик телефон көтермейді. 
Құрылысшылардың айтуларынша, «ТехникаРемСтрой» компаниясы олардың қолдарына заңды хабарлама берместен желтоқсан айында қысқартуға жіберген. Соңғы айларының еңбекақысын төлемегені аздай, 9 айдан бергі зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру төлемдерін де аудармапты. Оған қоса дәл осы компанияға мердігер болған жеке кәсіпкерлер де ақыларын ала алмай, сенделіп жүргендерін айтады. «ТехникаРемСтрой» - Атырау облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен құны 1 миллиард 300 миллион теңге шамасында қаражат бөлінген мектепті салып жатқан компания. Наразы топқа келген шенеуніктер мердігер мекеменің қазір есепшоты жабық екенін, бір апта ішінде мәселе толық шешілетінін айтады. Еңбек инспекторлары да жұмысшылардың арыз-шағымдарын алып, заңнамаға сай тексеру жүргізіп жатырмыз дейді. 

 МЕРЕЙ ЖЕҢІСҰЛЫ, Атырау облысы Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:  
– Бір жақты қарамаймыз, екі жақты қараймыз. Мекемеге хабарласып жатырмыз. Бір аптаның ішінде төлеймін деп отыр. Біз бақылауға аламыз.


Информбюро 31