22.02.2020 / Қазақстан

"Белсенділігі үшін жұмыстан қуылған" петропавлдық мұғалім 15 күнге қамалғаны хабарланды

"Белсенділігі үшін жұмыстан қуылған" петропавлдық мұғалім 15 күнге қамалғаны хабарланды

Петропавл облысы Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Бірлік ауылында тұратын бұрынғы мұғалім Нұрбол Өнерхан «Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айыппен 15 күнге қамалды. Бұл туралы Азаттыққа Өнерханның шешесі мен ағасы хабарлады. Олардың Азаттыққа жолдаған видеосында екі полицейдің Өнерханды әкімшілік сотқа алып кетуге келіп тұрғаны көрінеді.

Видеода полицейлер Өнерханға үш рет сотқа шақырту жібергенін, бірақ сотқа бармағанын, сондықтан алып кетуге келгендерін айтады.

Тұрғынның қамалғанын Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады.

Департаменттің хабарлауынша, 26 жастағы Нұрбол Өнерхан Youtube желісіндегі каналында видео жариялап, жұртты 22 ақпанда митингіге шақырғаны үшін жазалған. СҚО Ғабит Мүсірепов ауданындағы сот Өнерханның митингіге жергілікті биліктен рұқсат алмағанын алға тартып, оның бұл әрекетін заңсыз деп тапқан.

Өнерхан 2019 жылы желтоқсанда «Әлеуметтік желіде жұртты митингіге шақырды» деп айыпталып, он тәулікке қамалған. Ол Азаттыққа қамаудан шыққан соң мектептен шығарылып, әскерге шақыртылғанын айтқан.

Оқи отырыңыз: Шеруді қолдаған белсенді ұстазды жұмыстан алып, әскерге шақырды

Өнерхан Азаттыққа берген сұхбатында елде қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының бағдарламасын қолдайтынын айтқан.


Қазақстан билігін сынаушы, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ 2018 жылы наурызда Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп танып, тыйым салған. Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді, «саяси астары» бар деп санайды. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысы шақырған митингілерге қатысқандарды, оның жұмысын қолдайтындарды «экстремистік ұйым жұмысына араласты», «рұқсат етілмеген митингіге қатысты» деп айыптап, жауапқа тартады. Нұр-Сұлтан ҚДТ қозғалысының барлық митингісін «заңсыз» деп есептейді.

ҚДТ қозғалысы жұртты 22 ақпанда билікке қарсы митингіге шақырған. Осы шара алдында бірнеше қалада ондаған белсенді ұсталып, 5-15 тәулікке қамалды. Олардың басым бөлігіне «бейбіт митинг заңын бұзды» деген айып тағылды. Қамалғандар қаңтардың соңы және ақпанның басындағы билікке талап айтқан пикеттер мен акциялар үшін жауапқа тартылды.

Азаттық Радиосы