30.04.2020 / Қазақстан

"Тегін алшы". Коронавирус әлегінен диқандар зардап шекті

"Тегін алшы". Коронавирус әлегінен диқандар зардап шекті

Түркістан облысында диқандар биыл өсірген мыңдаған тонна капустаны коронавирусқа байланысты төтенше жағдай кезінде Ресейге шығара алмай, егістіктегі өнім шіріп, шығынға батқанына шағынады. Аймақ әкімдігі егіншілер проблемасын шешуге үкіметтен көмек сұрады.

"10 ТЕҢГЕ ШЫҒЫНДЫ АҚТАМАЙДЫ"

Жетісай ауданы Шымкент қаласынан шамамен 270 шақырым қашықта орналасқан. Азаттық тілшісіне Жетісайға автокөлікпен жету үшін коронавирус пандемиясына байланысты қойылған бес блокбекеттен өтуге тура келді. Әр бекетте полиция қызметкерлері көлікті тексеріп, дәрігерлер жолаушылардың дене қызуын өлшеп тұр. Жолда жүрген жеңіл көлік аз екені байқалады. Анда-санда медициналық жедел жәрдем және жүк көліктері ғана кездеседі. Жол бойында бірен-саран малшыдан басқа ешкім көзге түспеді.



Әдетте ары-бері өткен жолаушы жиі бас сұғатын дәмхана, қымызхана сияқты қызмет көрсету орындары да жабық тұр. Сарыағаш, Келес, Мақтарал, Жетісай аудандарының аумағындағы жол бойынан егістік алқаптары жиі көзге шалынды. Егістік басында жүрген адамдардың бірі піскен капустаны жинап, енді бірі көкөністі көлікке тиеп жатыр.
Піскен капуста шіріп, күнге ағарып жатыр. Осы аптада сатып үлгермесек, жарылып, ағып кетеді. 

Шаблан Ділдабеков ауылдық округінің тұрғыны Анарбай Әшімтаев биыл үш гектар жерге 75 мың түп капуста еккен. Бітік шыққан капуста пісіп тұр. Диқан жер жырту, көшет отырғызу, тыңайтқыш алу, капустаны баптап өсіру жұмыстарына жиыны 6 миллион теңге шығын шыққанын айтады.

- Капуста пісті. Ауылда жүз гектардан аса жерге капуста егілген. Диқандардың шамамен он пайызы ғана өнімін сатты. Шығын шаш-етектен. Сатып алатын адам таппаған соң 600 мың теңгеге жүк көлігін жалдап, Қарағандыға апарайық деп тәуекелге бардық. Енді бағасын базар көрсетеді. Көріп тұрсыз, піскен капуста шіріп, күнге ағарып жатыр. Осы аптада сатып үлгермесек, жарылып, ағып кетеді, - дейді ол.

Диқан Анарбай Әшімтаев егістік алқабында тұр. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 29 сәуір 2020 жыл.

Диқан Анарбай Әшімтаев егістік алқабында тұр. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 29 сәуір 2020 жыл.

Анарбай Әшімтаев былтыр өсірген капустаның әр келісін алғашында 160, соңына қарай 70 теңгеден сатқанын айтады. Биыл коронавирус пандемиясы кесірінен тақырға отыруға айналдым деп шағынады диқан. Жүк көліктері блокбекеттерден кедергісіз өткенімен, көп жерде карантинге байланысты базарлар жабылған. Дәмхана, асхана, мейрамхана сияқты әдетте капустаны көп сатып алатын тамақтану орындары да жұмыс істемейді. Капуста сатып алатын адам жоқ.

Егістік алқабында жүрген ауыл тұрғыны Айтуған Шынықұлов та бір гектар жерге еккен капустасын сатып алатын адам таппағанын айтады. Оның есебінше, капустаның келісін 10 теңгеден сату – оны өсіруге кеткен шығынды ақтамайды. "Капустаны жинап, жүк көлігіне артқан жұмысшыға келісіне 5 теңге ақы төлейміз. Трактормен даладан шығаруға келісіне 2 теңге кетеді. Сонда қалатыны 3 теңге" дейді диқан.

"КАПУСТА АҒЫП, ШІРІП ЖАТЫР"

Шаблан Ділдабеков ауылдық округінен шамамен отыз шақырым жерде орналасқан Абай ауылдық округінің тұрғындары да дайын тұрған капустасын өткізе алмай әлекке түскен. Жолдың екі жағындағы капуста алқаптарының тең жартысының мұрты бұзылмаған.

Бір келісін 10 теңгеден сатып аламыз дейді. Сонда бір келі капустаның шығыны 50 теңгеге барады. 

Егін алқаптарынан шіріген капустаның иісі шығады. Жарыла бастаған капустаны тамырымен жұлып, сыртқа лақтырып жүрген адамдар көзге шалынды.

- Диқандардың не жазығы бар? "Карантин, үйден шықпа" дейді. Шықпағанда не істейміз? Егініміз ағып, сасып жатыр. Ел басында отырғандар мына шіріп жатқан капустаны көрсінші. Бір келісін 10 теңгеден сатып аламыз дейді. Пайда көруді айтпағанда, бір келі капустаның шығыны 50 теңгеге барады. Осынша диқанды шырылдатып үкімет қайда қарап отыр? – деп ренжиді ауыл тұрғыны Нәзира Өтегенова.

Нәзира Өтегенова капуста егістігі алқабында тұр. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Абай ауылдық округі. 29 сәуір 2020 жыл.

Нәзира Өтегенова капуста егістігі алқабында тұр. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Абай ауылдық округі. 29 сәуір 2020 жыл.

Көп балалы ананың сөзінше, оның отбасы биыл үш гектар жерге капуста салған. Әр гектарды 200 мың теңге төлеп жалға алған. Капуста егіп, баптап өсіруге несие рәсімдеген. Қазір отбасымен егіндіктің басында өнім алатын саудагер күтіп жүр.

- Сауып отырған сиырымызға дейін сатып, осыған салдық. Қорамызда тышқақ лақ та қалмады. Ең болмағанда мемлекет субсидия бөлмей ме? Капустаның алды шіріді. Қалғанын сата аламыз ба, жоқ па - белгісіз. Одан бөлек қызанақ, қияр, қауын, қарбыз еккендер бар. Оны не істейміз? Мемлекет есебін тауып көмектеспесе, тығырыққа тірелдік, - дейді Нәзира Өтегенова.

Азаттық тілшісі үш сағат жүріп, капуста сатып алып жатқан бір ғана саудагерді кездестірді. Бірақ ол журналистпен сөйлесуге құлық танытпады. Он шақты адам егістік алқабынан трактор тіркемесімен жеткізілген капустаны сұрыптап, әлгі саудагердің жүк көлігіне тиеп жатыр екен.

Абай ауылдық округінің тұрғыны Мұқан Сүлейменов капуста егістігі алқабында. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 29 сәуір 2020 жыл.

Абай ауылдық округінің тұрғыны Мұқан Сүлейменов капуста егістігі алқабында. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, 29 сәуір 2020 жыл.

Дәл сол жерде жарылған капуста тиелген тағы бір трактор тіркемесі тұрды. Ауыл тұрғыны Мұқан Сүлейменов сатуға жарамсыз болып қалған капустаны қайда апарарын білмей тұрғанын айтады.

- Төрт банктен кредит алып, 30 гектар жерге капуста ектік. Бағасына қарамай өткізіп жатырмыз. Карантин. Ресейге жіберген капустаның да саудасы тоқтап тұр. Қазір екі капустаның біреуі жарылған. Оны жейтін мал таппай, далаға төгіп жатырмыз, - деді диқан.

Осы уақытта егістік маңына келген өзге ауыл тұрғынын көріп қалған Мұқан Сүлейменов "мына тіркемені бір-ақ тегін алшы, үйіңе жеткізіп беремін" деді оған. Әлгі адам келісті. "Мұнша капустаны не істейсіз?" деген журналистің сұрағына ол "тұздап сатамыз, қалғанын малға береміз" деп жауап берді.

ДИҚАНДАР МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІ ҮКІМЕТТЕН СҰРАДЫ

Абай ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрғали Танабаевтың Азаттыққа айтуынша, ауылда 2300 гектар егіндік жер бар. Оның 230 гектарына биыл тұрғындар капуста еккен. Алғашында диқандар бір келі капустаны 30 теңгеге бағалаған. Бірақ коронавирус пандемиясы кесірінен өнімге сұраныс болмай, қазір ол баға 10-12 теңгеге ($0,02-0,03) түскен.

- Диқандар ешкімнен көмек сұрамайтын. Биыл карантинге байланысты барлық жер жабылды. Өнім сатып алуға ешкім келмей қойды. Тұрғындар өз бетінше сатып алатын адам іздеп жатыр. Шамамен 30 пайыз капуста сатылмай тұр, - дейді Танабаев.

Фотогалерея: Диқандар өнімін ешқайда өткізе алмай отыр

Түркістан облысының диқандары өнімін ешқайда өткізе алмай отыр

Фотогалерея

Түркістан облысының диқандары өнімін ешқайда өткізе алмай отыр

Ауыл әкімі диқандарға субсидия беру мәселесі үкіметте талқыланып жатқанын айтты.

Түркістан облысында капустаны еш жерге өткізе алмай, тіпті тегін алатын ешкім табылмаған соң кейбір диқан егістік алқабындағы өнімді шауып, жойып жатқаны туралы әлеуметтік желіде видеолар тарады. Бұған дейін Жамбыл облысының диқандары да егістікте пісіп тұрған капустаны Ресейге шығаруға көмек сұрап, үкіметке үндеу жариялаған.

Сәуірдің 28-іне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкіметтен капуста еккен диқандарға көмек сұрады. Өңірде жылына 300 мың тонна көкөніс өндіріледі, 250 мың тоннаға жуығы Ресейге жіберілетін. Шөкеев қазір облыста 250 мың тонна дайын капуста жиналып қалғанын, елдің өзге аймақтарымен меморандум жасалғанымен өнім алушы табылмай отырғанын айтады. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин бұл мәселені шешуге көмек беруді ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырды.

Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты биыл наурыздың 16-сынан бастап төтенше жағдай режимі жарияланған. Кейін ірі қалалар мен облыстарда біртіндеп карантин енгізілген. Сәуірдің 29-і күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін мамырдың 11-іне дейін ұзарту туралы жарлық шығарды.

Азаттык радиосы