09.02.2020 / Қазақстан

"Жалақымыз неге аз?" Жедел жәрдем жүргізушілерінің мұңы

"Жалақымыз неге аз?" Жедел жәрдем жүргізушілерінің мұңы

Қарағанды облысында жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жалақысын көбейтіп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп отыр. Олар денсаулық сақтау министрлігінің медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіру шарасы жүргізушілерді айналып өткенін айтады.

ЖАЛАҚЫ МЕН ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫНА ШАҒЫМ

30 жылдан бері жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып істейтін Әсет Мақсұтов ақшасыз қалғанын айтады. Жол-көлік апатынан кейін жұмыстан шеттетілген Әсет сол күні жедел шақыру бойынша науқасқа асығып бара жатқан.

— Дабыл қағып, жарқылдақты қосып, жедел шақыруға асығып бара жатқанымда, жол апатына ұшырадым. Көлік жөнделгенше, төрт айға жұмыстан шеттетілдім. Көлікті өз ақшама жөндеттім. Осы уақыт ішінде жалақы алмадым. Отбасымды асырау үшін төрт ай такси жүргізушісі болып күнелттім. Көлікті жөндетпейінше, жұмысқа шығармайды. Бәріне осындай талап қояды, — дейді үш жылдан кейін зейнетке шығатын Әсет Мақсұтов.

Қарағанды облысында 450 жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі бар. Олар жалақы мен еңбек жағдайына шағынады. Ақпанның 7-сі күні әртүрлі ауданнан келген ондаған жүргізуші жедел жәрдем станциясына жиналып, басшылық пен денсаулық сақтау департаментінің шенеуніктерімен кездесуде талаптарын ортаға салды.

— Осы жиыннан кейін бізді қудаламай ма? Біріншіден, біз жалақы мәселесі бойынша жиналдық. Бірінші санаттағы жүргізуші бір ауысым үшін қанша ақша алады? Бұл ақы қандай жүйе бойынша есептеледі? Біз дәрігер, фельдшер, науқас пен өзіміздің өмірімізге қауіп төндіріп, бағдаршамның қызыл түсіне қарамай жүреміз. Ережені бұзу біздің еркелігімізден болатын нәрсе емес. Науқастың өмірін сақтауға уақытымыз аз болғандықтан, құтқару үшін жолда ұшып жүруге тура келеді. Жалақымыз неге аз? – дейді 19 жылдық еңбек өтілі бар жүргізуші Фарид Мичулин.

v2.jpg

Жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жалақы мәселесін айтып тұр. Қарағанды, 7 ақпан 2020 жыл.

Жүргізушілердің айтуынша, олардың жалақысы – 80-85 мың теңге (шамамен 210-220 доллар). Бірнеше адам тіпті, 60 мың теңге алатынын айтты. Бұдан көп жалақы алу үшін артық жұмыс істеуге тура келеді. Бірқатар азамат жүргізуші тапшылығынан, ауысымға екі тәулік сайын шығуға мәжбүр. Өйткені жүргізушілердің біразы жұмыстан шеттетілген.

Жиналғандар жедел жәрдем жүргізушілерінің қаңтардың 1-нен басталған денсаулық сақтау жүйесіндегі жалақы өсімінен тыс қалғанына наразылық білдірді. Осыған дейін министр Елжан Біртанов шамамен 215 мың адамның жалақысы өсіп, дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, медбикелердікі — 20 пайызға артатынын мәлімдеген.

Ауылда жұмыс істейтін жүргізушілер неге өздеріне үстеме ақша төленбейтінін, науқастарды 100 шақырым және одан ұзақ жерден алып келгені үшін жалақы қалай есептелетінін сұрады.

ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНІҢ МӘСЕЛЕСІНЕ КІМ ҚҰЛАҚ АСТЫ?

Жедел медициналық жәрдем станциясының басшылығы жиналыс басталмай тұрып, журналистерді жүргізушілер жиналған залдан шығаруға тырысты. Станция қызметкерлері өздері көтерген мәселені қоғам назарына шығарғысы келетінін айтып, тілшілерді қалдыруды талап етті. Біраз уақыттан кейін жиын басталды: кездесуге денсаулық сақтау басқармасы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері келді.

— Көп санатқа кіретін қызметкерлердің жалақысы өспеді. Олардың қатарында жедел жәрдем жүргізушілері де бар. Бұл мәселе жан-жақтан көтеріліп жатыр. Қазір осы мәселені министрлікпен қарастырып жатырмыз. Біздің тарапымыздан және кәсіподақ ұйымдарының атынан хат жібердік. Мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз. Бұл жүйеден бірқатар қызмет санаттарының тыс қалғаны дұрыс емес те шығар, — деді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Тұяқова.

v.jpg

Облыстық жедел жәрдем станциясы, денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жүргізушілердің сұрақтарына жауап беріп жатыр. Қарағанды, 7 ақпан 2020 жыл.

— Науқасқа ем шарасын ұсынудың нәтижелілігі медициналық қызметкерлерге ғана емес, көзге көрінбейтін жауынгерлер саналатын, жедел жәрдем көрсетуге үлкен үлес қосатын жүргізушілерге де байланысты екенін түсінеміз. Сіздердің жалақы мәселесін көтергендеріңіз жақсы болды деп ойлаймын. Мен ұжым, оның ішінде жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері бұл жағдайда белсенділік танытқанына қуанып отырмын. Дәл осы мәселе Қазақстанның басқа жеті өңірінде де көтеріліп жатыр. Сіздердің жалақы бойынша еңбек құқықтарыңызды қорғау үшін орталық кеңеске алдымызға осындай маңызды міндет қойылғанын жеткіземіз, — деді «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Дайырбекова.

Станция басшылығы жалақыны көтеру мәселесін өзекті деп атап, жүргізушілердің еңбекақыны өсіруді осыдан бұрын да сұрағанын мойындады.

Жүргізушілердің «көлік жөндеуде тұрған кездегі сағаттарға жалақы төленбейді» деген шағымына денсаулық сақтау басқармасының өкілі бұл мәселенің қазіргі нормативтік құжаттарда ескерілмегенін айтып, жауап берді. Әсел Тұяқова министрлікке көлікті кәсіби жөндеуден өткізу мәселесін жеткізуге уәде беріп, бұл мәселенің шынымен еш жерде жазылмағанын мойындады.

v1.jpg

Облыстық жедел жәрдем станциясы ғимараты. Қарағанды, 7 ақпан 2020 жыл.

Жүргізушілердің жол апаты болған жағдайда оларды жұмыстан шеттетіп, жалақысыз қалдыратыны, көлікті өз қалтасынан жөндеуге тура келетіні туралы шағымына облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры «жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігіне жүргізушілердің өзі кінәлі» деп жауап берді.

— Біз апат болған жағдайда сот шешімі шыққанға дейін жүргізушіні жұмыстан шеттетеміз. Сот шешімі бойынша, жүргізуші кінәсіз деп танылса, ол жұмысқа қайта оралады және ауысымда болмаған сағаттары үшін ақша төлейміз. Ал сот шешімімен жүргізушінің кінәсі анықталса, онымен еңбек шартын бұзамыз, — деді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Зульфикар Абилкасимов.

Шенеуніктер кездесу соңында жүргізушілерге жалақының қалай төленетіні жөнінде есеп беруге, жұмысшылар сұраған видеорегистратор құрылғысының қанша тұратынын білуге, жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің «екіжақты сақтандыруына» (жол апатына түсіп, кінәлі деп танылған жүргізушінің ақша төлеуге жағдайы болмаған жағдайда арнайы төлемге қол жеткізу құқығын беретін қосымша полис). Жүргізушілер жиында айтылған уәделер сөз жүзінде қалмайды деп үміттенетінін айтты.

Өткен жылдың соңында осыған ұқсас жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту туралы талаптарды Маңғыстау облысындағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері қойған.

Жедел-жәрдем көлігі жүргізушілері алатын 80 мың теңге жалақы — елдегі орташа жалақыдан екі жарым есе төмен. Қазақстан статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, номиналды жалақы 203,9 мың теңгені құраған.

Азаттык Радиосы