29.03.2021 / Өзбекстан

Өзбекстанда жаңа тәуелсіз кәсіподақ құрылды, бірақ қуаныш көпке созылмады

Өзбекстанда жаңа тәуелсіз кәсіподақ құрылды, бірақ қуаныш көпке созылмады

Өзбекстандағы жаңа тәуелсіз кәсіподақ ауылшаруашылығында еңбек етушілердің жұмыс жағдайын жақсартуды көздейтінін мәлімдеді. Мұндай уәдені президент Шавкат Мирзияевтің өзі де берген. Ендеше жаңа кәсіподақ не үшін қудаланып отыр?

19 наурызда Indorama Agro мақта компаниясының 280-ге жуық жұмысшысы жиын өткізіп, Өзбекстанның алғашқы тәуеліз кәсіподағын құрды. Оған "Халқ бирлиги" ("Халық бірлігі) деген атау берді

Берлинде орналасқан "Адам құқығы жөніндегі өзбек форумы" бұл күнді "тарихи" деп атады, бірақ бұл көңіл-күй көпке созылмады.

24 наурызда "Өзбек форумы" жергілікті биліктің кәсіподақ мүшелеріне қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді. Форумның жазуынша, жергілікті әкімдіктің аты-жөнін айтпаған шенділері "Халқ бирлигине" қоңырау шалып, кәсіподақ ісімен айналысса, қиындыққа тап болатынын ескерткен.

"Өзбек форумы" мәлімдемесіне қарағанда, кәсіподақ белсенділеріне полиция қызметкерлері де қоңырау шалған, "шараларды ұйымдастыруды тоқтатып, кәсіподақтан шығуды" талап еткен.

Жаңа кәсіподақ Indorama Agro компаниясының Сырдария облысындағы жұмысшыларының құқығын қорғамақ.

Сингапурлық Indorama Agro Өзбекстан мақта саласында 2010 жылдан бері белсенді қызмет етіп келеді.

"Өзбек форумының" мәліметінше, Өзбекстан үкіметі 2018 жылы тамызда Indorama Agro компаниясына төрт ауданнан – Қашқадария облысындағы Касби және Нышан аудандары мен Сырдария облысындағы Ақалтын және Сардоба аудандары – жалпы көлемі 40 мың гектар жер берген. Жер "заманауи мақта-тоқыма өндірісін ұйымдастыру" үшін бөлінген.

Indorama Agro кластерлік фермалар дейтін қайшылыққа толы схема құрған. Бұл схема жерге инвестиция тарту және жұмысты қайта ұйымдастыру арқылы өндіріс тиімділігін арттыруы керек болған. Бірақ сыншылар бұл жүйенің бар болғаны Өзбек билігімен қарым-қатынасы жақсы байларға ауылшаруашылық жерлерін жекешелендіріп бергенін, ал осының салдарынан шаруалар жерінен айырылып, жергілікті жұмысшылардың құқығы тапталғанын айтады.

Кей өзбек шаруалары осы кластерлік фермаларға жұмыс істеуге күштеліп жатқанын айтады.

Қаңтарда Азаттықтың Өзбек қызметі Indorama Agro компаниясының Қашқадария облысы Касби ауданындағы фермасында істейтін 100-ден аса жұмысшы наразылыққа шыққанын хабарлаған. Наразылыққа компанияның қосылған жалақыны төлемей жұмыстан шығарып жіберуі түрткі болған.

Тағылған айыптардың біріне қарағанда, Indorama Agro тұрақты жұмыс келісім-шартынан бас тартып, үш айлық келісім-шартқа өткен. Бұл тәртіп жұмысшыларды сырқаттану жәрдемақысынан, зейнетақы төлемінен және артық сағат үшін төленетін үстемақыдан айырған.

Indorama Agro фермаларындағы кей жұмысшылар жалақының аздығына шағынған. "Өзбек форумы" бір жұмысшы екі жыл жұмыс істеп, демалыс алмағанын айтты дейді.

"Халқ Бирлиги" осы жағдайды өзгертіп, Сырдария облысындағы кластерлік ферма жұмысшыларының құқығын қорғамақ, шаруалардың жұмыс жағдайын жақсартпақ.

Алайда тәуелсіз кәсіподақ жергілікті құқық қорғаушылар мен оппозициялық партиялар бастарынан өткеретін кедергілерге тап болып отыр.

"Өзбек форумының" мәлімдеуінше, 19 наурыз күні "Халқ бирлиги" кәсіподағын құрушылар алғашқы жиынын өткізбек болғанда, кездесу белгіленген ғимараттың әкімшісі оларды кіргізбей қойған, себебін "төтенше жөндеу жұмыстарымен" түсіндірген. Осыдан кейін жұмысшылар жақын жердегі шайханаға барған. Бірақ ол жерде көп ұзамай электр жарығы үзілген. Жұмысшылар осыдан кейін көшеге шығып, жиынын телефон жарығы көмегімен өткізген.

Жиын кезінде Роза Ағайдарова кәсіподақ жетекшісі болып сайланған.

"Өзбек форумының" айтуына қарағанда, Ағайдарова 23 наурыз күні Өзбекстан кәсіподақ федерациясының өкілі қоңырау шалып, федерацияға қосылуды сұрағанын, өйтпесе кәсіподақтың жұмыс істей алмайды дегенін айтқан. Ұлттық кәсіподақ федерациясы билікке тәуелді саналады.

Өзбекстанның кәсіподақ туралы жаңа заңында жұмысшылардың өз қалаған кәсіподақ ұйымына мүше болуға, ұйымға мәжбүрлі түрде кіргізбеуге кепілдік берілетіні жазылған дейді "Өзбек форумы".

Мақта терушілер. Өзбекстан. Көрнекі сурет.
  Мақта терушілер. Өзбекстан. Көрнекі сурет.

Азаттықтың Өзбек қызметі Кәсіподақ федерациясының Сырдария облысындағы филиалын басқаратын Рустамбек Тұрсынмұрадовқа хабарласты. Ол Ағайдароваға қоңырау шалғанын растап, тәуелсіз кәсіподақ құру жақсы идея емес деп айтты.

Федерацияның Indorama Agro жұмысшыларының құқығын не себепті қорғамағанын сұрағанда Тұрсынмұрадов сингапурлық компанияға жұмыс істейтіндер федерация мүшелігінен айырылған деді.

2016 жылы Өзбекстанды тәуелсіздік алғанынан бері басқарып келген Ислам Каримов қайтыс болып, оның орнына келген Шавкат Мирзияев мақта алқаптарындағы мәжбүрлі еңбекті жойып, жұмыс жағдайын жақсартуға уәде берген.

Сарапшылар Өзбекстанда мәжбүрлі еңбекті жою бағытында біршама оң қадам жасалғанын айтады. Бірақ биліктің көздегені ауылшаруашылық жұмысшыларының жағдайын жақсарту болса, кластерлік ферма кері әсер етпек.

"Өзбек форумының" атқарушы директоры Умида Ниязова Мирзияев үкіметін "мәжбүрлі еңбекпен күресуге және экономиканы ашуға деген саяси ерік-жігер көрсеткені" үшін мақтай отырып, "Алғашқы тәуелсіз кәсіподаққа деген ұстанымы реформаларының қаншалық салмақты екенін көрсетпек, әлем бақылап отыр" дейді.