09.02.2021 / Қазақстан

Қытайлық компанияға талап

Қытайлық компанияға талап
Бүгін Ақтөбеде тағы мұнайшылар бас көтерді. Бұл жолы да қытайлық «Сағыз Петролиум» компаниясының 200-ге жуық жұмысшысы Ақтөбедегі бас кеңсенің алдына жиналды.

Атырау мен Ақтөбе аумағында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын мұнайшылардың екі талабы бар. Біріншісі - жалақыларын 100 пайызға өсіру. Екіншісі - отыз күндік жұмыс кестесін он бес күнге қысқарту.

Мұнайшылар екі жүзге жуық жұмысшысының қолы қойылған талап -арыздарын бүгін қаладағы бас кеңсеге алып келіпті. Сөздерінше айлық мәселесін көтеріп келе жатқандарына үш жыл болған. Алайда сол үш жылдың ішінде басшылар айлығымызды өсіріп жарытпады дейді. Қазіргі бәрі қымбаттап жатқандағы айлықтары күнкөріске жетпейді.

БОЛАТҚАН ЖҰМАҒАЛИЕВ, жұмысшы: – Біздің алатын айлығымыз 130 -140 мың теңге. 110-120 мың алатындар да бар. Біздің талабымыз, ең төмен алатын жұмысшының айлығы 200 000 теңге болса, сосын он бес күн нақты талабымыз.

ҚУАНЫШ ЖЕҢСІКБАЕВ, жұмысшы: – Бұл әңгіме үш жылдан бері айтылып келе жатыр. Көп көтермейді. Жеті пайыз, он пайыз, соның айналасы. Жаппай айлық көтерілген жоқ. Мен өзім электрик болып жұмыс жасаймын. Төртінші санатта. Менің алатыным 135 000 теңге. Бала-шағам бар, балаларымның садигі бар. Тамақтың сықпыты мынау, күнде қымбаттайды. Жетпейді шындығына келгенде.

Атырау мен Ақтөбе облыстары аумағында бір емес сегіз кеніші бар қытайлық компания басшылығы наразылыққа жиналған жұмысшыларының алдына шыққанымен, мәселені түсіндіре қоймады. Ал облыстық еңбек инспекциясындағылар қазір мекемеде екі жақ ынтымаққа келу үшін комиссия жұмыс бастайтынын айтады.

САЛАМАТ АМАНБАЕВ, Ақтөбе облыстық Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы: – Заңның аясында 164 -бапқа байланысты бұлар қазір өздерінің адамдарын жұмысшыларын береді. Жұмыс беруші бұйрығын шығарады. Сосын татуластыру комиссиясы өз жұмысын атқарады. Татуластыру комиссиясының нәтижесі болмаса, олар заңға сәйкес әрі қарай өздерінің талаптарын қойып еңбек арбитражы құрылады. Егер еңбек арбитражында да бір шешімге келмесе онда сотқа шағымдана алады.

Еңбек инспекциясындағылар «Сағыз Петролиум» компаниясы жұмысшылардың отыз күндік жұмыс кестесін наурыз айынан бастап он бес күнге қысқартуға келіскенін айтады. Ал жалақы мәселесінің қашан, қалай шешілетіні әзірге белгісіз. Жанар Қожанова, Бағдат Баймурзин


Информбюро 31