17.01.2023 / Қазақстан

Батыс Қазақстан әкімі наразылыққа шыққан жұмысшылардың талабын орынсыз деп есептейді

Батыс Қазақстан әкімі наразылыққа шыққан жұмысшылардың талабын орынсыз деп есептейді
Батыс Қазақстанда жұмыстарын тастап, екі күннен бері ереуілде тұрған «KKS-Sicim» компаниясының 500-ге жуық жұмысшының жалақыны көбейту туралы талабы орынсыз.

Бұл туралы бюджеттен 1 миллион 800 мың теңге жалақы алатын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысының әкімі: – Талаптары орынсыз деп ойлаймын. Себебі олардың екі ортада ұжымдық келісімшарты бар, оның сыртында әрбір жұмысшы мен жұмыс беруші арасында жасалған жеке келісімшарт бар. Сондықтан сол келісімшарттарда қаралған екіжақты міндеттемелерде жалақыны 50 пайыз немесе 100 пайыз көтеру деген жоқ. Келісімшартта 20 пайыз деген ғана бар. Сондықтан да міндеттемелерден айтып отырмын орынсыз. Әкім Ақсай қаласындағы KKS-Sicim компаниясы жұмысшылары жалақыны 50 пайыз өсіру туралы талабымен келіспей отыр.

Нариман Төреғалиевтің айтуынша, компаниядағы орташа жалақы 280 мың теңге болса, ең жоғарғы жалақы 800 мыңға дейін барады. Яғни әкім қарапайым жұмысшыларға еңбекақыны бұдан артық көтеру мүмкін еместігін, келісімшарт бойынша әу баста осы жалақыға келіскендерін жеткізді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ертең кешке «KKS-Sicim» компаниясының бас директоры Италиядан келіп, жұмысшылармен келіссөз жүргізуге тырысатынын жеткізді. Айта кетсек, кешеден бері жалақыны көтеру мәселесімен ереуілге шыққан «KKS-Sicim» жұмысшыларынан бөлек бүгін «Консорциум «Isker» компаниясының қызметкерлері де жиналды. Олардың да талаптары жалақы көтеру болған. Кейін жұмысшылар басшылықпен келісімге келіп жиын тарады.


Informburo31