«Жекешелендірілген компаниялардың мемлекетке қайтарылуын талап етеміз!» — дейді жұмысшылар бірауыздан. Олар тағы да мұнай саласындағы сервис компанияларды ұлттық компанияға айналдыруды және тендер өткізу тәжірибесін жоюды талап етті.
Бұл қай жекешелендіру?
Екі мыңыншы жылдары шетелдік және жергілікті мұнай-газ компаниялары штатты «оңтайландырудың жеңіл жолын» ойлап тапты. Сөйтіп қоластындағы жұмыс бөлімдерін (тамақтандыру, көлік қызметі, тіпті бұрғылау жұмыстарына дейін) жекеменшік аутсорс компанияларға тапсырды.
Бұнымен қоса, бір кездері мемлекеттік болған мұнай сервисі компанияларын жекешелендіре бастады. Бұл компаниялардың жаңа қожайыны көбінесе элита өкілдері болды. Бұрын мемлекеттік компанияда жұмыс істегендер енді жекеменшік компанияда жұмыс істейтін болды.
Жұмысшылар бір ғана өзгерісті көрді – жекешелендіру процесі олардың еңбек жағдайын нашарлата түсті. Техника жылдар бойы жаңартылмайды, бұрынғы әлеуметтік кепілдік те енді жоқ.
Бұл қай тендер?
Бірнеше жыл сайын мұнай-газ компаниялары мұнай сервисі компаниялары арасында келісімшарт жасауға тендер ойнатады. Ең жақсы (яғни ең арзан) ұсыныс жасағандарға сервис жұмысын бөліп беретін жүйе мұнай сервисі саласындағы компанияларда жұмысшылардан ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.
Көбіне тендерді жеңген жаңа компаниялар жеңілген компанияда жұмыс істеген қызметкерлерді өзіне жалдау үшін ғана пайда болады. Жұмысшылар бұрын істеген жұмысын ары қарай істей береді, тек киіміндегі логотип қана ауысады және көп жағдайда жұмыс жағдайы нашарлайды.
Олигархтар мүддесі үшін жүргізілген көп жылғы саясаттың нәтижесі болған бұл әдіс соңғы 15 жылда жұмысшылар үшін еңбек жағдайын тұрақсыз етіп, оларды ереуілге шығуға итермеледі.
Cоңғы мысал: West Oil Software мұнай-сервис компаниясы жұмысшыларының ереуілі.
Бұл компанияның жұмысшылары бұрын «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны саналатын Oil Transport Corporation мемлекеттік мұнай-сервис компаниясының қызметкері болған. Жұмысшылар бұл компанияның өндірістік базаларының бірі – Жетібай технологиялық көлік басқармасында (ЖТКБ) жұмыс істеген. Бес жыл бұрын «оңтайландыру» барысында оларға мемлекеттік компаниядан шыққан жағдайда өтемақы алуға мүмкіндік беретін «5/50» келісіміне қол қою ұсынылған.
Одан кейін ЖТКБ West Oil Software жеке компаниясының сенімгерлік басқаруына өтіп, қысқартуға түскен жұмысшылар сонда жұмысқа орналасты. Қазір жұмысшылар еңбек жағдайының нашарлауына байланысты компанияны мемлекет меншігіне қайтаруды, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында қолданылатын бірыңғай еңбекақы жүйесін өздеріне де қолдануды талап етіп отыр. Ал жекеменшік компания бұл талапты орындау мүмкін емес деп санайды.
Бұл текетірес қайтадан жоғары лауазымды шенеуніктер мен жұмыс берушілер тұтандырып отырған қоғамның бөлінуіне әкеледі. Соның салдарынан кейбір азаматтар «мұнайшылар қазірдің өзінде жақсы жалақы алады», «ұнамаса, олардың орнын күтіп отырған мыңдаған жұмыссыз бар» деп есептейді. Бірақ олардың әрекетін сынап отырғандар жұмысшылардың еңбек жағдайының нашарлығы, кәсіподақтарға жасалатын қысым мен жұмысшылардың қудалануы туралы тіс жармайды.
Мұнай-газ өндіретін өңірлерде бұл сектордағы жұмыстың тұрақсыздығы сол жұмысқа күні қарап отырған адамдардың кедейлігіне әкеледі. Мемлекет аймақ экономикасын әртараптандыруды жүзеге асыра алмай, оның орнына ереуілдер мен кәсіподақтарға қарсы заңнаманы өзгертуді жөн көрді. Бұл жолы да мемлекет жұмысшылардың емес, компания жағында қалды.
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
Vlast.kz